Қазақстанда азаматтарды зейнетақымен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігіне мемлекеттік аудит аяқталды. Оның нәтижелері Жоғары аудиторлық палатада Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың жетекшілігімен өткен отырыста қаралды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Adaladam.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Аудит қорытындысына сәйкес, соңғы бес жылда зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, орташа зейнетақы 37 пайызға, базалық зейнетақы 45 пайызға өскен. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер 25 пайызға артса, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 58 пайызға көбейген. Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер көлемі 2,5 еседен астам өскен.
Сонымен бірге аудит барысында жүйенің тиімділігін төмендететін бірқатар мәселелер анықталды. Атап айтқанда, жүктілік пен босануға байланысты төлемдерді арттыру мақсатында табысты және жұмыс орындарының санын жасанды түрде көбейту фактілері тіркелген. Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активтерінен 216 млрд теңгеден астам қаражаттың негізсіз алынғаны және әлеуметтік төлемдердің шекті мөлшерін айқындайтын нормалардың болмауы мен мемлекеттік кіріс органдарымен өзара іс-қимылдың әлсіздігі салдарынан 96 млрд теңге көлемінде активтердің жоғалғаны анықталған.
Аудиторлар қайтыс болған азаматтар, тұрақты тұру үшін шетелге көшіп кеткен тұлғалар және басқа да санаттар бойынша деректер базаларымен интеграцияның жеткіліксіз екенін де атап өтті. Бұл бақылау тетіктерінің тиімділігіне кері әсерін тигізіп отыр.
Аудит нәтижесінде 5 млн теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылықтар анықталып, 46 жүйелі кемшілік тіркелді. 22 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жолданса, 2 дерек құқық қорғау органдарына берілген.
Жоғары аудиторлық палата әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қаражатты басқару сапасын арттыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты күшейту және зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың санын жоспарлаудың бірыңғай әдістемесін әзірлеу қажеттігін атап өтті.



