Австралия әлемде алғаш рет 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруді толық тыйды. Жаңа ереже жергілікті уақыт бойынша 10 желтоқсан түн ортасынан бастап күшіне енді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі northossetia парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа талапқа сәйкес, TikTok, Instagram, YouTube сияқты әлемдегі он ірі платформа 16 жасқа дейінгі балалардың аккаунттарын блоктауға міндетті. Ережені бұзған жағдайда компанияларға 33 миллион долларға дейін айыппұл салынады.
Sky News Australia мәліметінше, осы аптада жергілікті мектептерде премьер-министр Энтони Альбанезенің арнайы үндеуі көрсетіледі. Ол шектеудің себебін балаларға әлеуметтік желідегі жаңалықтар лентасы мен алгоритмдердің салмақты әсерін азайту қажеттігімен түсіндірді.
— Алдағы мектеп демалысын тиімді пайдаланыңыздар. Телефонда жаңалықтар оқумен өткізудің орнына жаңа спорт түрін үйреніңіз, музыкалық аспапта ойнауды меңгеріңіз немесе ұзақ уақыт бойы сөреңізде тұрған кітапты оқыңыз, — деді премьер-министр.
Бұл қадам әлеуметтік желілердің балалар психологиясына әсерін азайтуға және олардың уақытын пайдалы іс-әрекеттерге бағыттауға бағытталған.



