Көші-қон заңнамасы

Халықтың көші-қоны туралы заң 11

11-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ЕЛДЕН ТЫС ЖЕРГЕ КЕТУІНІҢ ШАРТТАРЫ МЕН ТӘРТІБІ. ЗАҢСЫЗ КӨШІП КЕЛУДІҢ АЛДЫН АЛУ

54-бап. Елден тыс жерге кететін Қазақстан Республикасы азаматтарының санаттары Елден тыс жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары:

1) басқа мемлекетке тұрақты тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары;

2) басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары болып екі санатқа бөлінеді. Басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің персоналы, Қазақстан Республикасына бекітіп берілген квоталарға сәйкес халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған, шетелде уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары, бітімгершілік парызын орындаушы әскери қызметшілер, сондай-ақ, ұйымдар мен жеке адамдардың шақыруы бойынша оқуда, емделуде, туристік және жеке сапарда, шет елдерде қызметтік іссапарда жүрген адамдар жатады.

55-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының елден тыс жерге кетуінің шарттары мен тәртібі

1. Әркімнің Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергісіз қайтып оралуға құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету ішкі істер органдары кетуге арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.

3. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтінішті ішкі істер органдарына: 1) әрекетке қабілетті азаматтар — өздері; 2) балалар мен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар атынан олардың заңды өкілдері береді.

4. Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтардың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кетуінен бас тарту үшін негіздердің болмауына тексеру жүргізеді. Мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтарға қатысты ішкі істер органдарының сауалдарын он күн мерзімде қарайды. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қабылданады.

5. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жерге кетуімен байланысты шығындарды қаржыландыру кетушілердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, сондай-ақ, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, басқа да көздерден жүзеге асырылуы мүмкін.

6. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекетке тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне және өздерінің отбасы мүшелеріне меншік құқығымен тиесілі мүлікті өз қаражаты есебінен әкетуге құқылы.

7. Азаматтардың мемлекет үшін мәдени, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс әкетуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реттеледі.

8. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жеріне кеткен адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікке құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

56-бап. Қазақстан Республикасының азаматына елден тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат беруден бас тарту үшін негіздер Қазақстан Республикасының азаматына мынадай жағдайларда, егер ол:

1) мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді білетін болса және өзінің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кету фактісі туралы тиісті уәкілетті органдарды хабардар етпеген болса – осы мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылғанға дейін;

2) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстап алынған не күдікті, айыпталушы ретінде жауапқа тартылған болса, не оған қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылса — іс бойынша шешім шығарылғанға немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін;

3) қылмыс жасағаны үшін сотталған болса – жазасын өтегенге дейін немесе жазадан босатылғанға дейін;

4) өзіне сот жүктеген міндеттемелерді орындаудан жалтарған болса – осы мән-жайлар тоқтатылғанға дейін;

5) мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген болса – осы қызметті өткеру аяқталғанға дейін немесе «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес одан босатылғанға дейін;

6) Қазақстан Республикасынан кету үшін құжаттарды ресімдеу кезінде өзі туралы көрінеу жалған деректерді хабарлаған болса – бас тартуға және беруге негіз болған себептер жойылғанға дейін және дәйекті деректерді ұсынғанға дейін;

7) азаматтық сот ісін жүргізуде жауапкер болып табылса – сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат беруден уақытша бас тартылады. Қазақстан Республикасы азаматының салық берешегі болған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсат беруден бас тартылады. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету құқығын шектеудің барлық жағдайларында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда шектеудің негіздемесі мен мерзімі және осы шешімге шағымданудың тәртібі көрсетіледі..

Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді — ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

57-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтары мен бостандықтары бар, сондай-ақ олар Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген міндеттерді атқарады. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын одан тыс жерде қорғауға және оларға сүйеу болуға кепілдік береді. 58-бап. Заңсыз көшіп келудің алдын алу және құқықтық мәртебесі реттелмеген көшіп келушілерді заңдастыру шаралары.

1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келуі, олар келу, кету, болу және транзиттік жол жүру тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын орындаған жағдайда мүмкін болады.

2. Уәкілетті мемлекеттік органдар көші-қон бақылауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдардың есебін жүргізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close