Белгілі қазақстандық актер Мұрат Бисенбиннің қызы Диана Булатова инсульттен кейін ауруханада ем қабылдап жатқан әкесімен түскен жаңа фото мен видеоны жариялады, деп жазады qandastar.kz.
Диана Булатова әлеуметтік желіде әкесімен бірге түсірілген кадрларды бөлісіп, өнер иесіне қолдау көрсетіп жатқан жанкүйерлерге алғыс айтты.
Жарияланған видеода Мұрат Бисенбиннің қағазға қаламмен сурет салып отырғанын көруге болады.
«Күн сайын кішкентай жеңістер. Достар, сіздерден өте көп қолдау алып жатырмыз. Күн сайын жылы сөздер мен ізгі тілектер жолдайсыздар. Мен олардың барлығын міндетті түрде әкеме жеткіземін.
Ол әрқайсыңызға шын жүректен алғыс білдіреді. Біздің отбасымыз осы кезеңде бізді қолдаған барша жанға үлкен рақмет айтады», – деп жазды Диана Булатова.


