Жергілікті қоғам белсендісі Рүстем Баязиев оқу орнының қабырғасында болған оқиға туралы айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Айтуынша, студент жас жігітті группаластары колледж ішінде жабылып ұрып тастаған.
«Білім беру орындарына қашан толық тексеріс болады? Жастарға не көрінді? Атырау облысы Индер ауданында студент жас жігітті группаластары жабылып аяусыз колледж ішінде ұрып тастаған», — деп жазды ол.
Колледж әкімшілігі оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Әкімшіліктің мәліметінше, Индер көпбейінді ауыл шаруашылық колледжінің І курс студенттері арасында 31 желтоқсан күні сағат 9:15-те колледж қабырғасында келіспеушілік болған.
Студенттер арасында балағат сөздер айтылған.
«Өздерінің арасында айтылған сөздерді көтере алмай, біреуі екіншісін ұрып, соққыдан мұрны қанаған. Сол бойда колледж медбикесі алғашқы көмек көрсетіп, перекисьпен тампон салып, қанын тоқтатты. Оқиға орын алған бойда екі жақтың ата-анасы шақыртылды. Аудандық жасөспірімдер инспекторына хабарланды. Емханаға өндірістік оқыту шеберінің жеке көлігімен апарып, дәрігерлік тексеруден өткізді. Колледж медбикесі, колледж психологі, өндірістік оқыту шебері барлық уақытта студентпен бірге болды. Қазіргі уақытта студенттің жағдайы бірқалыпты», — делінген мәлімдемеде.
Облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Жасөспірімдер арасында келіспеушілік салдарынан орын алған құқықбұзушылық дерегі бойынша кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді. Құқық бұзған жасөспірімдер Ішкі істер органдарының есебіне алынып, оларға қатысты іс-құжаттар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі», — дейді департаменттегілер.


