Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген көлемді сұхбатында ауқымды сұхбатында ұзақ уақыттан бері алғаш рет өзінің денсаулығы, өмір салты және спортқа қатысы жайлы ашық айтты. Мемлекет басшысы соңғы кезеңде тоғыз келі салмақ тастағанын, күнделікті йогамен және үстел теннисімен тұрақты айналысатынын жеткізді, деп жазады qandastar.kz
Денсаулығым жақсы, қан қысымым қалыпты. Күн сайын йогамен шұғылдануды әдетке айналдырдым, бірақ медитация жасамаймын. Бұрынғы кәсіпқой спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнаймын. Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым, – дейді президент.
Сондай-ақ ол ТМД елдері басшыларының спорттық белсенділігіне тоқталып, дзюдо, футбол, хоккей мен велоспортты серік еткен әріптестерін атап өтті.
Таяуда Бішкекте өткен бейресми іс-шара кезінде Путин жас дзюдошыға қарсы әдемі әдіс жасап, аға буынның абыройын көтеріп тастады. Әлиев те мықты, кәнігі спортшы сияқты үнемі жаттығады, Жапаров футбол ойнайды. Мирзиёев те ширақ, ол жаттығу залында шынығады. Пашинян велосипед тебеді. Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды екен. Кезінде теңіз-әскери күштерінде болып, әбден шыныққан Рахмонның да денсаулығы жақсы. Бір сөзбен айтсам, әріптестерімнің бәрі де бабында, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетсек, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды.



