ЖаңалықтарСараптамаЭкономика және бизнес

Экономист: Жаңа стратегия тұрақты дамуды көздейді

Жаңа 2026 жылға қатысты Қазақстан экономикасының дамуы жөнінде экономист Айбар Олжаев Facebook парақшасында өз болжамын жариялады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады. 

Оның айтуынша, 2025 жыл Қазақстан үшін ішкі жалпы өнімнің 6,4 пайыздық өсімімен қорытындыланған. Бұл кездейсоқ нәтиже емес, жүйелі экономикалық саясаттың көрінісі болып отыр.

«Мұндай қарқын макроэкономикалық тұрақтылықтың сақталғанын және негізгі салаларда нақты ілгерілеу бар екенін көрсетеді», – деп жазды Олжаев.

Экономист 2026 жылы өсімді сақтау және одан әрі үдету үшін мемлекет инфрақұрылымды жаңғыртуға, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ білім мен ғылымға инвестиция салуға басымдық беретінін атап өтті.

Ол өңдеу өнеркәсібіндегі жоспарларға да тоқталды. 2030 жылға дейін 200-ден астам жаңа жобаны іске асыру көзделген. 2025–2029 жылдар аралығында өңдеу секторында 140 жоба пайдалануға берілмек.

«Бұл бағыт жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді Олжаев.

Ауыл шаруашылығы мен экспорттық әлеует те экономикалық өсімнің маңызды тірегіне айналып отыр. 2026 жылдан бастап Қазақстан мал өнімдерін Әзербайжан, Моңғолия, Марокко, Иран және Еуропалық одақ нарықтарына шығара бастайды. Сонымен қатар Жапония, Оңтүстік Корея және БАӘ елдеріне ет пен сүт өнімдерін жеткізу мәселесі пысықталуда. Агросекторға келесі жылы кемінде 200 млрд теңге бөліну жоспарланған.

Экономист шағын және микробизнесті қолдаудың маңыздылығын да атап өтті.

«Моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту стратегиялық маңызды. Осы мақсатта «Іскер аймақ» бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама бойынша жыл сайын 400 млрд теңге көлемінде несие беріледі», – деді Айбар Олжаев.

Олжаевтың сөзінше, жоспарланған реформалар толық және сапалы жүзеге асса, 2025 жылғы 6,4 пайыздық өсім ұзақ мерзімді тұрақты дамудың берік негізіне айналуы мүмкін.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button