Шоу бизнес

Ақан Сатаевтың қызы анасын емес, әкесін жақтады

Режиссер Ақан Сатаевтың қызы Айиша Сатай әлеуметтік желіде тараған жеке отбасына қатысты алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз сынға жауап берді. Ол кейбір адамдардың айтылған сөзді толық түсінбей, контекстен бөліп алып, үстірт пікір қалыптастыратынына қынжылыс білдіргенін айтты, деп жазады qandastar.kz.

Айишаның айтуынша, жұрттың асығыс шешім шығарып, өз қиялына ерік беруі көңілге қаяу түсіреді. Әсіресе өз өміріне мән бермей, өзгенің отбасының ішкі мәселесін талқылауға уақыт табатын жандардың әрекеті таңғалдыратынын жасырмады.

Ол бала кезінен арандатуға жауап қатпауға үйренгенін, алайда ата-анасының ар-намысына тіл тиген жағдайда үнсіз қалу мүмкін еместігін атап өтті.

«Мен ешқашан біреуге бір нәрсені дәлелдеуді мақсат етпедім. Бірақ әкем мен анамның беделіне нұқсан келтірілгенін көріп, бейжай қарай алмаймын», – деді ол.

Айиша жазбасында анасына қатысты тараған қауесеттерге де нақты түсініктеме берді. Оның айтуынша, анасы ешкім тарапынан тасталған емес.

«Анама өзі қалаған төрт бөлмелі пәтер сыйға берілді. Ол – саналы, тәуелсіз тұлға және қай жерде өмір сүретінін өзі шешеді. Ересек адамды еркінен тыс бір жерде ұстап отыру мүмкін емес», – деп жазды Айиша.

Сондай-ақ ата-анасының ажырасуына қарамастан, анасына деген сүйіспеншілік пен күнделікті қарым-қатынас сақталғанын жеткізді.

«Біздің байланысымызды ажырасу да, арақашықтық та үзген жоқ», – деді ол.

Айиша ата-анасының арасындағы сыйластыққа да тоқталып, әкесінің бір өсиетін ерекше атап өтті.

«Әкем маған әрдайым: «Қандай жағдай болмасын, анаң туралы жаман сөз айтпа. Ол – сенің анаң», – деп айтып отыратын. Бұл сөз менің жадымда мәңгі сақталып қалды», – деді ол.

Сонымен қатар ол ересек адамдардың жеке өміріне бөгде адамдардың араласуы дұрыс еместігін айтты.

«Ата-аналар өз тағдырын өзі таңдайды. Ал балалардың міндеті – қабылдау және жақсы көру», – деді Айиша.

Желі қолданушыларына «құтқарушы синдромына» қатысты да үндеу тастады.

«Басқа біреудің отбасын емес, өз жақындарыңызды «құтқаруға» көңіл бөліңіздер. Оларға мейірім мен уақытыңызды арнаңыздар», – деп жазды ол.

Жазбасының соңында Айиша дін мен адамның дүниетанымы – жеке мәселе екенін еске салды.

«Дін – әр адамның жеке таңдауы. Оны талқылау немесе айыптау әдепке жат. Ең алдымен мейірімді әрі әділ болуға тырысайық», – деп түйіндеді ол.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button