АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық мұнай компанияларын Венесуэлаға қайта әкелу қажеттігін айтты. Бұл туралы ол дүйсенбі, 5 қаңтар күні NBC News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады qandastar.kz.
Трамптың айтуынша, АҚШ-тың мұнай компаниялары Венесуэланың мұнай инфрақұрылымын жөндеу мен жаңғыртуға көмектесе алады. Ал оның орнына америкалық биліктен субсидия немесе кейін өтемақы алуы мүмкін. Президенттің пікірінше, Венесуэлада мұнай өндіруді кеңейтуге бағытталған жобаны шамамен 18 айдың ішінде аяқтауға болады, алайда бұл үшін «қомақты қаржы жұмсау қажет».
«Венесуэлаға кіретін компаниялар кейін бізден немесе түсетін табыс есебінен өтемақы алады», – деді Трамп.
Сонымен бірге, Reuters агенттігінің 5 қаңтардағы хабарлауынша, АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары – Exxon Mobil, ConocoPhillips және Chevron – Трамптың Венесуэладағы қызметін кеңейту туралы үндеуіне әзірге асығыс жауап беріп отырған жоқ. Бұрын бұл компаниялар Венесуэланың мұнай секторындағы ірі инвесторлар болған. Алайда 2000-жылдардың ортасында ел билігі мұнай саласын ұлттықтандырғаннан кейін олардың қатысуы шектелді. Осыдан соң, соның ішінде АҚШ-тың санкцияларына байланысты, Венесуэлада мұнай өндіру көлемі бұрынғы ең жоғары деңгейінің шамамен үштен біріне дейін төмендеді.
АҚШ-тың әскери операциясынан кейін және Николас Мадуро ұсталған соң, мемлекет басшысының міндетін бұрын вице-президент қызметін атқарған Делси Родригес уақытша атқара бастады. Елдің конституциясына сәйкес, уақытша басшы 30 күн ішінде жаңа президенттік сайлаудың күнін белгілеуі тиіс. Алайда Трамптың пікірінше, мұндай сайлау жақын уақытта өтпейді.
«Алдымен елді дұрыс жолға салу керек. Қазір сайлау өткізуге болмайды», – деді АҚШ президенті NBC News-ке берген сұхбатында.



