Әлем жаңалықтары

«Nike-тің пиар кампаниясы өте мықты екен»: Мадуроның қамаудағы суреті атақты брендтің костюмін хитке айналдырды

2026 жылдың басында әлемдік ақпарат кеңістігінде күтпеген сән тренді пайда болды. Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуроның қамауға алынған сәтінен тараған фотосурет АҚШ-та спорттық киімге деген сұранысты күрт арттырды. Әсіресе, оның үстіндегі сұр түсті Nike Tech Fleece костюмі қоғам назарын өзіне аударды, деп жазады qandastar.kz

БАҚ деректеріне сүйенсек, Николас Мадуро мен жұбайы Силия Флорес АҚШ агенттері тарапынан президент резиденциясындағы жатын бөлмеде ұсталған. Осы оқиғадан кейін бірнеше сағат өткен соң АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желілерде экс-президенттің қамаудағы фотосын жариялаған. Аталған сурет қысқа уақыт ішінде интернетте кең таралып, вирустық сипат алды.

Желі қолданушылары Мадуро киген киімге ерекше қызығушылық танытқан. Кейін оның 2013 жылы шығарылған Nike Tech Fleece спорттық костюмі екені анықталды. Көп жылдан бері нарықта болғанына қарамастан, бұл модель әлі күнге дейін сұранысқа ие екенін дәлелдеді.

Оқиға желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, түрлі әзіл мен сарказмға толы пікірлер жазылды. Соның ішінде ең көп тараған комментарийлердің кейбірі мынадай:

«Менде мұндай костюм миллион жыл бұрын болған», «Nike-тің пиар кампаниясы өте мықты екен. Сол үшін Венесуэла президентін ұрлауға тура келген сияқты», «Нағыз «Модный приговор», «Президенттерге енді мұндай костюмді сатпаңдар», – деп жазған.

Нәтижесінде АҚШ аумағындағы Nike дүкендері мен онлайн-платформаларда шамамен 260 доллар тұратын сұр костюм бір тәулікке жетпей толықтай сатылып кеткен. Сарапшылар мұны «саяси поп-мәдениет пен сән индустриясының тосын тоғысуы» деп бағалап отыр.

Айта кету керек, аталған Nike Tech Fleece моделі АҚШ-тан бөлек өзге елдерде де сатылымда бар. Осылайша, бір ғана фотосурет 2026 жылдың алғашқы сән трендін қалыптастырып, әлемдік сән нарығында жаңа талқылауға жол ашты.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button