Президент Әкімшілігі қызметкерлерінің табыстары туралы декларация мәліметтері жарияланды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Bes.media сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әзірге ең ірі табысты бұрынғы Алматы әкімі әрі Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаевтың жұбайы көрсеткен.
Ерболат Досаев 2024 жылғы табысы ретінде 14 млн теңге көрсетсе, оның жұбайының осы кезеңдегі кірісі 2 млрд 338 млн 455 мың 678 теңгені құраған.
Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің жұбайы Малдыбаева Г.Д. 24,9 млн теңге табыс тапқан.
Президент көмекшісі Қуанышбек Есекеевтің жұбайы, бұрын Қазақстан гимнастика федерациясының вице-президенті болған Мадина Бектұрғанова 2024 жылы 48 млн теңгеден астам табыс көрсеткен.
Президент кеңесшісі Алексей Цойдың жұбайы Жанна Цойдың табысы 1 млн теңгені құраған.
Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұмановтың жұбайы Өтепбергенова А.А. 2024 жылы 2,6 млн теңге табыс тапқан.
Үкімет тарапынан декларация мәліметтерін Аппарат басшысының орынбасары Саян Құттыбаев жариялап, 4 млн теңге табысын көрсеткен. Ал ҚР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин декларациясында табысы жоқ екенін (0 теңге) көрсеткен. Оның жұбайы Дана Серғазинаның табысы 1,5 млн теңгені құрады.
Бұған дейін қазақстандық шенеуніктер декларация мәліметтерін жариялай бастағанымен, бұл талапты барлық министрлік бірдей орындамады.
Ведомство басшыларының ішінде декларациясын ашық жариялаған жалғыз тұлға — Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. Оның жұбайы 2024 жылы 88 млн 678 мың 984 теңге табыс тапқан. Мәліметке сәйкес, бұл қаражат бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялық қызметтен түскен.
Ұлттық экономика министрлігінде министрдің өзінде қосымша табыс жоқ екенін, тек Комитет мемлекеттік кірістерінде есепке алынатын жалақы алатынын түсіндірді.
Сонымен қатар Қазақстанның Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алтай Күлгінов декларациясында табысын 0 теңге деп көрсеткен. Ал оның жұбайы Жанар Келімбетованың жалпы табысы 16 млн 967 мың 301 теңгені құрады.
Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіровтің жұбайы Майра Қожатай 2024 жылы 34 млн теңге табыс тапқан.



