Қазақстан Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Елбегі Әбдиев қазақстандықтардың тұтыну әдеттері өзгергенін айтты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, 10 жыл бұрын сауда желілеріндегі акциялы тауарлардың үлесі жалпы айналымның 5 пайызынан аспаған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін өскен. Мұның басты себебі — халықтың сатып алу қабілетінің айтарлықтай төмендеуі.
«Бұрын тұтынушылар сауда желілеріне адал болатын, ал жеңілдіктерді іздейтін адамдардың үлесі кезеңге байланысты небәрі 2-5 пайызды құрайтын. Ал қазір сатып алушылардың 55-60 пайызы белгілі бір желіге байланбай, ең алдымен жеңілдікті іздейді. Бүгінде сауда желілері жарнамасында бағаны төмендетуге басты назар аударады. Бұл халықтың сатып алу қабілетінің төмендеп жатқанын көрсетеді: адамдар сапаға, ассортиментке немесе жайлылыққа емес, ең арзан бағаға басымдық беруде», — деді ол.
Сарапшының айтуынша, сұраныс құрылымының өзгеруі елдегі экономикалық жағдайды айқын көрсетеді. Қазақстандықтар күнделікті тұтынуда бренд пен сападан бас тартып, ең алдымен бағаға қарап таңдау жасауға мәжбүр болып отыр.



