Журналист Нұрмұхамед Байғараев «Avatar» фильмі АҚШ-тың жаулап алу және ресурстар үшін жүргізетін саясатын сынайтын туынды екенін айтты. Бұл туралы ол өзінің Telegram-парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Журналистің айтуынша, 2009 жылы жарық көрген Джеймс Кэмеронның «Avatar» фильмі — режиссердің ең ірі туындыларының бірі. Фильмнің негізгі идеясы — ірі державалардың пайдалы қазбалар үшін басқа халықтардың жеріне көз тігуін әшкерелеу.
«Сюжет бойынша алып корпорация бағалы ресурс үшін өзге планетадағы на’ви халқының жерін тартып алуға тырысады. Бұл – АҚШ-тың жаулап алу саясатына ашық сын», – дейді Нұрмұхамед Байғараев.
Оның айтуынша, фильмнің концепциясы 1994 жылы ойластырылғанымен, тақырып әлі де өзектілігін жоғалтпаған. Себебі сол уақыттан бері АҚШ әлемнің бірнеше еліне әскери немесе саяси қысым көрсетті. Журналист Венесуэламен байланысты соңғы оқиғаларды да осы қатарға жатқызады.
«Венесуэлада шамамен 300 млрд баррель мұнай қоры бар. Бұл фильмдегі пайдалы қазбаның символдық көрінісі іспетті. Энергетика үшін күрес Венесуэламен шектелмейді», – деп жазады ол.
Байғараевтың пікірінше, жасанды интеллект, ірі серверлер мен дата-орталықтардың дамуы энергетикаға деген сұранысты күрт арттырады. Осыған байланысты Amazon, Google, Microsoft және Meta сияқты алпауыт компаниялар атом электр станцияларымен келісімшарттар жасасып немесе шағын ядролық реакторлар салуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар журналист Венесуэла мұнайының ерекшелігіне де тоқталған. Оның айтуынша, бұл АҚШ-қа қажет ең қою мұнай түрлерінің бірі және одан жеңіл мұнайға қарағанда көбірек өнім алуға болады.
Ал болашақтағы ықтимал қақтығыстар мұнай үшін емес, сирек кездесетін металдар үшін болуы мүмкін, дейді ол. Себебі мұндай металдар жоғары технологиялы чиптер өндірісінде аса маңызды. Алайда бұл ресурстар Қытай, Бразилия, Вьетнам, Ресей және Үндістан сияқты елдерде шоғырланғандықтан, олар үшін соғыс ашу оңай болмайды.
Журналист сөз соңында ой және шығармашылық еркіндігінің маңызын атап өтті.
«Ой еркіндігі мен шығармашылық бостандық болғанда ғана Кэмерон сияқты суретшілер қоғам мен адамзат алдындағы өзекті мәселелерді өз туындылары арқылы көрсете алады», – деп түйіндеді Нұрмұхамед Байғараев.



