АҚШ Конгресінің Демократиялық партия атынан сайланған өкілі Эйприл Макклейн Делэйни ел президенті Дональд Трампқа Венесуэладағы әскери операцияға байланысты импичмент жариялауға шақырды, деп жазады qandastar.kz сайты РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мен Президенттің өз өкілеттігін тағы да асыра пайдаланып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесін бұзып отырғанын көре тұра бей-жай қала алмаймын, – деді Мэриленд штатынан сайланған демократ.
Эйприл Макклейн Делэйнидің айтуынша, Ақ үйдің басшысы Конгрестің санкциясынсыз әрекет еткен. Бұл АҚШ Конституциясының талаптарына қайшы. Сондай-ақ, ол Дональд Трамптың Венесуэла президенті Николас Мадуро тұтқындалғаннан кейін елді басқаруға ниетті болғанын мәлімдеді.
Импичмент мәселесіне тоқталған конгрессвумен бұл қадам Конституциялық тәртіпті және заң шығарушы биліктің рөлін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Ал Трамп әкімшілігі Венесуэладағы операция президенттің бас қолбасшы ретіндегі өкілеттігі аясында жүргізілгенін, оның сот ордерін орындау сипатында болғанын мәлімдеді.
Конгрестегі демократтар Ақ үйдің бұл әрекетін сынға алып, заң шығарушыларға алдын ала ескерту жасалмағанын және рұқсат алынбағанын алға тартты.
Өткен аптаның Сенбіге қараған түні Каракас қаласында жарылыстар болған. Президент Дональд Трамптың айтуынша, АҚШ Венесуэланың астанасына ауқымды соққылар жасап, Николас Мадуро мен оның жұбайы тұтқындалған. Алдын ала мәліметке сәйкес, олар алдымен АҚШ-тың Гуантанамо әскери базасына жеткізіліп, кейін Нью-Йоркке жөнелтілген. Қазіргі уақытта олар Бруклиндегі тергеу изоляторында отыр.
Каракас билігінің пікірінше, АҚШ-тың шабуылы Венесуэланың минералдық ресурстары мен мұнайын бақылауға алуды көздейді. Ал БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерреш АҚШ операция барысында халықаралық құқық нормаларын сақтамағанын мәлімдеді.
Күні кеше Нью-Йорк соты Венесуэла президентіне қатысты іс бойынша алғашқы отырысты аяқтады. Николас Мадуроға «есірткі-терроризмге қатысы бар қастандық, кокаин контрабандасы, пулеметтер мен жарылғыш құрылғыларды сақтау және оларды АҚШ-қа қарсы қолдану үшін сөз байласу» айыптары тағылып отыр. Оған төрт бірдей өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Дегенмен, Николас Мадуро өз кінәсін мойындаған жоқ. Сот оны 17 наурыз күні өтетін келесі сот отырысына келуге міндеттеді.



