Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Азық-түлік бағасын сынаған блогер өлі табылды

Түрікменстанда азық-түлік бағасының қымбаттағанын ашық сынаған блогер Дидар Амансахатовтың қабірі табылды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Qaz365.media парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дидар Амансахатов TikTok әлеуметтік желісінде Түрікменстандағы экономикалық ахуалды, әсіресе азық-түлік бағасының шарықтауын жиі сынға алған. Алайда оның өліміне қатысты нақты мән-жай әзірге белгісіз. Марқұм небәрі 34 жаста болған.

Hitrowski деген лақап атымен танылған блогер қараша айының соңында әлеуметтік желілерден ғайып болды. Бұл кезеңде Түрікменстан билігі сын пікір білдірген азаматтарға қысымды күшейткен еді. 18 желтоқсанда Азаттық редакциясы Амансахатовты қарулы күштер ұстап, соққыға жығып, азаптағаннан көз жұмғаны туралы мәлімет алғанын хабарлаған.

Аты-жөнін жасыруды өтінген түрікменстандықтардың бірі блогердің парақшасындағы жазбаның астына көңіл айтып пікір қалдырғаннан кейін тергеуге шақырылғанын айтты. Оның сөзінше, арнайы қызмет өкілі билікті сынаудан бас тартуға шақырып, блогердің тағдырын өзгелерге «сабақ болады» деп айтқан.Түрікменстан билігі Амансахатовтың қазасына қатысты ақпаратқа ресми түсініктеме берген жоқ.

Блогердің соңғы жазбаларының бірінде ол ет бағасының күрт қымбаттағанын, қарапайым халықтың оған қолы жетпейтінін жазған. Мемлекеттік бақылаудағы ресми ақпарат көздерінде азық-түлік тапшылығы, жұмыссыздық немесе халықтың тұрмыс деңгейінің төмендігі секілді мәселелер қозғала бермейді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button