2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кәсіпкерлік субъектілері үшін қолма-қол ақша алу тәртібі өзгерді. Жаңа ережелер жеке кәсіпкерлерді, сондай-ақ шағын, орта және ірі бизнесті қамтиды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы DigitalBusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңашылдықтар тек кәсіпкерлік қызметке қатысты операцияларға қолданылады. Ал жеке шоттарын пайдаланатын қарапайым азаматтарға бұл талаптар әсер етпейді.
Бекітілген қағидаларға сәйкес, бизнес субъектілері үшін ай сайынғы қолма-қол ақша алу лимиттері енгізілді. Белгіленген шектер аясында кәсіпкерлер ақшаны ешқандай қосымша рәсімдерсіз ала алады. Алайда лимиттен асатын соманы алу қажет болған жағдайда, банк клиенттен қаражатты алу мақсатын түсіндіруді, растайтын құжаттарды және мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетіне беруге келісімін сұрайды.
Өтінім берілгеннен кейін банк ақпаратты салық органдарына жолдайды. Онда операция салықтан жалтару сияқты тәуекелдер тұрғысынан тексеріледі. Егер қауіптер анықталса, лимиттен асатын қолма-қол ақшаны беруден бас тартылуы мүмкін. Ал егер Мемлекеттік кірістер комитетінен белгіленген мерзімде жауап келмесе, банк қаражатты беруге міндетті.
Ай сайынғы қолма-қол ақша алу лимиттері келесідей белгіленді:
— шағын бизнес үшін — 20 млн теңгеге дейін;
— орта бизнес үшін — 120 млн теңгеге дейін;
— ірі бизнес үшін — 150 млн теңгеге дейін.
Осы көлемдегі соманы кәсіпкерлер қосымша талаптарсыз ала алады. Жаңа талаптар тек кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты екенін атап өткен жөн, ал жеке тұлғалардың жеке шоттарына ешқандай жаңа шектеулер енгізілген жоқ.



