2026 жылғы қаңтар айындағы тұрғын үй нарығы жыл басталмай жатып-ақ халықтың табысына сай келмейтін бағаға көтеріліп кетті. Құрылыс компаниялары сатып алушыларды салық реформаларымен қорқытса, шенеуніктер керісінше пікір білдіріп жатыр, деп жазады qandastar.kz сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарға қарай бастапқы тұрғын үй нарығындағы баға бір жылда 15,5%-ға, қайталама нарықта 14,3%-ға өсті, ал жалдау құны 11,9%-ға қымбаттаған. Әсіресе, Астана мен Алматыда жағдай ушығып барады. Қараша айында бұл қалаларда соңғы 22 айдағы ең күрт баға өсімі байқалды.
Бағаның күрт өсуіне негізгі түрткі ретінде сарапшылар қауымдастығы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығының (ҚҚС) өскенін атап отыр. Көптеген құрылыс компаниялары фискалдық өзгерістерге дайындықты алға тартып, баға тізімдерін қайта қараған. Мамандардың басым бөлігі бұл әрекет әдейі жасалған деп санайды.
Алайда, QZ Economy. Tалдау Telegram-арнасының сарапшылары дүрбелеңге берілмеуге шақырады. Олар маңызды құқықтық жайтқа назар аударып отыр. ҚҚС тек құрылысы биылғы жылы басталған нысандарға ғана қолданылады. Мысалы, 2026 жылы тұрғын үй сататын компания, егер тұрғын үй құрылысы 2025 жылы немесе одан бұрын басталса, ҚҚС есептеуге міндетті емес.
Ұлттық экономика министрлігі бағаның көтерілгегін «салыққа жаба салуға» үзілді-кесілді қарсы. Бірінші вице-министр Азамат Әмрин реформаның қазіргі нарықтық үрдістерге қатысы жоқ екенін нақты айтты
Сатылатын пәтерлерге ҚҚС тек 2027–2028 жылдардан бастап қана қолданыла бастайды. Сондықтан бағаның өсіп кеткеніне ҚҚС-тың қатысы жоқ, – деді ол.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың 11 айында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі шамамен 17 млн шаршы метр болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға көп. Оның басым бөлігі (шамамен 11 млн шаршы метр) көппәтерлі үйлерге тиесілі.
Нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, сарапшылар тұрғын үйді «ақылға қонымды шарттармен» сатып алудың басты құралы – мемлекеттік бағдарламалар екенін айтуда. 2026 жылы сұраныста болған бағдарламалар:
- «7-20-25» – жылдық 7% мөлшерлемемен ипотека;
- «Наурыз» – кезекте тұрған азаматтарға арналған, 7% немесе 9% мөлшерлемемен;
- «Наурыз жұмыскер» – нақты сектор қызметкерлерін 9% мөлшерлемемен қолдау.



