Келешекте Халыққа қызмет көрсету орталықтары цифрлық офистерге айналады. Бұл туралы LS-ке елдің Бірінші вице-министрі – жасанды интеллект және цифрлық даму мәселелері жөніндегі вице-министрі Ростислав Коняшкин хабарлады, деп жазды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Вице-министрдің айтуынша, ХҚКО-тары біртіндеп жаңа форматқа ауыстырылып, басты назар өздігінен қызмет алу мүмкіндігіне аударылады. Жаңа офистерде «селф-зона» және өзіндік қызмет көрсету аймақтары пайда болады, ал қызметкерлер негізінен консультативтік қызмет көрсетіп, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн алу жолдарын үйрететін болады.
«Қазір кейбір азаматтар қызметті онлайн алуды жөн көреді және ХҚКО-ға келмейді, ал басқалары үшін жеке келіп, оператордан көмек алу маңызды. Сондықтан цифрлық форматқа көшіру кезең-кезеңімен, бірден емес жүзеге асады. Қала орталықтарында белгілі бір дәстүрлі қызмет көрсету аймақтары сақталады», – деп атап өтті Р. Коняшкин.
2026 жылдан бастап онлайн форматта қолжетімді мемлекеттік қызметтердің тізімі кеңейтіледі. Атап айтқанда, жоғалған жеке куәліктерді қайта рәсімдеу және құжаттарды алғаш рет рәсімдеу, соның ішінде паспорт алу да онлайн жүргізіледі. Қазір жүргізуші куәлігін қайта рәсімдеу онлайн форматқа ауыстырылған, ал алғаш рет жүргізуші куәлігін алу тек онлайн түрде жүзеге асатын болады.
«Азаматтар біртіндеп үйреніп, мекемеге жиі келмейтін болады деп күтеміз», – деді Коняшкин.



