Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясының баспасөз қызметі қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы ісі бойынша В сынамасын ашу рәсіміне қатысты мәліметтерді жариялады. Сынаманың нәтижесі Қазақстан уақытымен 8 қаңтардан 9 қаңтарға қараған түні белгілі болады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясы бұл мәселеге байланысты ресми мәлімдеме жасап, В сынамасын ашу процедурасының маңыздылығына назар аударды. Федерация өкілдерінің айтуынша, бұл кезең спортшының болашақ мансабына ғана емес, сонымен қатар процеске қатысып отырған барлық тараптардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге тікелей әсер етеді.
«Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша бүгін өтетін В сынамасын ашу – заңдық тұрғыдан аса маңызды кезең. Бұл бір ғана Қазақстанның жетекші боксшыларының бірінің спорттық болашағына емес, сонымен бірге іске қатысы бар барлық тараптардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге ықпал етеді», – делінген Федерация мәлімдемесінде.
В сынамасын ашу рәсімі АҚШ-та өтеді. Нәтижесі Қазақстанда 8 қаңтардан 9 қаңтарға қараған түні жарияланады.
Өз кезегінде Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде істің оң нәтижемен аяқталатынына үміт білдірді.
«Бүгін В тестілеу басталады. Америкада таң атып келеді. Команда мүшелері рәсімге ресми түрде қатысады. Сынамалар зертханаға жіберіледі. Нәтиже дайын болған кезде, ол ресми түрде жарияланады. Жақсы жаңалық болады деп үміттенеміз», – деп жазды ол Instagram Stories парақшасында.


