«Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасы қызметіне жаңадан тағайындалған Арман Оспановтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты жанжалға ұласты, деп жазады qandastar.kz сайты Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Instagram әлеуметтік желісіндегі Kazfootballkz парақшасында жарияланған видеодан клубтың болашағы туралы баяндама жасап тұрған сәтте залға жанкүйерлер кіріп келгенін көруге болады. Олар өздерімен бірге Арман Оспановтың бұған дейін әлеуметтік желілерде «Ақтөбе» клубына қатысты айтқан пікірі жазылған үлкен плакаттарды ала келген.
Плакаттардың бірінде Оспановтың «Ақтөбе» мен «Қайрат» клубтары арасындағы шиеленіс туралы әлеуметтік желіде жазған пікірі жарияланған. Жазбада «Ақтөбе» клубы мен оның жанкүйерлеріне қатысты қорлайтын теңеулер қолданылған.
Жанкүйерлердің айтуынша, мұндай көзқарасы бар адам клубты басқармауға тиіс. Олар өзгерістерге, инвестицияға және футболдың дамуына қарсы емес екенін, алайда клубқа құрметсіздік танытқан басшыны қабылдамайтынын мәлімдеді.
Жанкүйерлерді қорлайтын, итке теңейтін адамды қабылдамаймыз. Оның отставкаға кетуін талап етеміз, – деді жанкүйерлер.
Клубтың өкілдері жанкүйерлерді залдан шығаруға тырысқан. Біраз уақыттан кейін Арман Оспановтың өзі де пікір білдірді. Ол барлық білімі мен тәжірибесін «Ақтөбенің» ФК-нің дамуына бағыттайтынын айтып, жеке көзқарасын клубтан тыс қалдыратынына сендірді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



