Кеше 54 жасында өмірден өткен Мұрат Бисембиннің әкесі Болат Бисембин ұлының қазасы туралы көзіне жас алып айтып берді деп жазды qandastar.kz порталы.
Ақсақалдың айтуынша, Мұрат соңғы үш күн бойы ем қабылдап жүрген. Соңғы күндері дәретке отыруы қиындап, тамақ іше алмай қалған.
«8-і күні хабарласқанда «Мұратты жоғалттық» деп айтты. Не айтарымды да білмеймін. Маған өте ауыр. Ата-анасы тірі кезде баласынан айырылу — өте қиын. Ол мені жерлеуі керек еді, керісінше мен оны жерлеп жатырмын…», — деп қарт әке көз жасына ерік берді.
Мұрат Бисембин 1972 жылы 11 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол политехникалық институтты ауыл шаруашылығының инженер-механигі мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін актерлік өнерді таңдап, осы салаға өмірін арнады. Шығармашылық жолында бірқатар есте қаларлық рөлдерді сомдап, әріптестері мен көрермендерінің зор құрметіне ие болды.
Ол отандық кино көрерменіне кеңінен танылған, харизмасымен, экрандағы әсерлі бейнелерімен және жарқын актерлік шеберлігімен есте қалған өнер иесі. Әсіресе «Рэкетир» фильміндегі Руслан рөлі актерге ерекше танымалдық әкеліп, оны қазақстандық кинематографиядағы ең танымал тұлғалардың біріне айналдырды.



