Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік салаларындағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Аталған құжатта қыста автокөлікті қозғалтқышы қосулы күйде жылыту уақытына қатысты жаңа норма қарастырылған. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Іnformburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Заңға сәйкес, енді жергілікті атқарушы органдар — әкімдіктер елді мекендер аумағында қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған автокөліктердің тұруына рұқсат етілетін уақытты өз бетінше белгілей алады.
Бұл талап жедел қызметтердің (жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру қызметі және т.б.) автокөліктеріне қолданылмайды.
Сонымен қатар құжатта елді мекендерде тұрғындарға қолайсыздық тудыратын жағдайда, жергілікті органдар белгілеген уақыттан артық қозғалтқышы қосулы автокөліктің тұруына тыйым салынатыны көрсетілген.



