Түркістан облысында прокуратура ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың ауқымды схемасын әшкерелеп, жолын кесті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы World of NAN сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Қадағалау органы анықтағандай, 2020–2023 жылдар аралығында бірқатар жосықсыз кәсіпкерлер ветеринариялық бақылау жүйесіндегі олқылықтарды пайдаланып, мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған. Төлемдерді рәсімдеу кезінде іс жүзінде үшінші тұлғаларға сатылып кеткен мал басы көрсетілген.
Мәліметтер «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» мемлекеттік ақпараттық жүйесінен алынған. Мәселен, шаруа қожалықтарының біреуі нақты иелігінде жоқ 440 бас ірі қара мен 5 мыңнан астам ұсақ малға субсидия рәсімдеген.
Анықталған деректер бойынша мемлекетке келтірілген жалпы залал 271 млн теңгені құрап, бұл аса ірі мөлшердегі ұрлық ретінде сараланды. Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізді. Сот іс бойынша бес айыпталушыға қатысты айыптау үкімін шығарып, оларды 5 жылдан 6 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қазіргі таңда мемлекет кірісіне 140 млн теңге өндірілді.
Тексеру нәтижесінде мұндай заңбұзушылықтардың ветеринариялық қызмет тарапынан тиісті бақылаудың болмауына байланысты орын алғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта прокуратура осыған ұқсас өзге де фактілерді тергеп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, қосымша ұрлық көлемі 300 млн теңгеден асады. Аталған істердің материалдары жақын арада сотқа жолданбақ.



