Жаңалықтар

Ақтөбе қаласына жақын аумақтарда мұнай өндірілуі мүмкін

Ақтөбе қаласының солтүстігі мен оңтүстігінде орналасқан елді мекендерге жақын аумақтарда мұнай өндіру жұмыстары басталуы мүмкін. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Аqtobe_sergek парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Құжаттарға сәйкес, «Қарғалы» және «Елек» учаскелерінде мұнай барлау жұмыстарына алматылық «KazNefteGazProject» ЖШС кіріскен.

Аталған компанияға бұл екі ірі жер телімін Энергетика министрлігі берген. Жобалар аясында Ақтөбе қаласының айналасында тереңдігі 3 мың және 5 мың метр болатын ұңғымалар бұрғылау көзделіп отыр. Осы мақсатта желтоқсан айының соңында жобалар бойынша жаңа қоғамдық тыңдаулар өткен.

Алайда, бұған дейін 2023–2025 жылдары өткен қоғамдық тыңдаулар қызу пікірталас пен жергілікті тұрғындардың қарсылығын тудырған болатын. Ақтөбелік танымал экобелсенділер де тұрғындар жағына шығып, мұнай өндірудің қалаға жақын жерде жүргізілуі экологиялық апатқа әкелуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Экобелсенділердің айтуынша, мұнай өндірісі басталса, қала шетінде мұнай қалдықтары төгіліп, ауаның сапасы күрт төмендейді. Соның салдарынан Ақтөбе тұруға қолайсыз қалаға айналуы мүмкін деген қауіп бар.

Сонымен қатар «Қарғалы» учаскесі Қарғалы өзенінің арнасының едәуір бөлігін қамтиды. Геологиялық бөлінген аумақтың батыс шекарасы Қарғалы су қоймасына тікелей жақын орналасқан. Ал учаскенің оңтүстік бөлігі қала шекарасынан небәрі 7 шақырым жерде жатыр. Бұл аумақта 26 тарихи-киелі нысан, соның ішінде қорғандар мен көне қорымдар орналасқан.

Ал «Елек» учаскесі құрамына Бестамақ және Бесқоспа елді мекендері кіреді. Бұл аумақ арқылы Елек өзенінің арнасы өтеді. Сонымен қатар геологиялық бөлінген жердің ішінде Ақтөбе теңізінің төрттен бір бөлігі, Есет батыр кесенесі және «Күншуақ» балалар сауықтыру лагері орналасқан.

Соған қарамастан желтоқсан айында өткен жаңа қоғамдық тыңдаулар наразы ақтөбеліктердің қатысуынсыз өткізілгені белгілі болды. Бұл жағдай қоғамда үлкен сұрақтар тудырып, жобалардың ашықтығына қатысты күмәнді күшейтті.

Жергілікті тұрғындар мен экобелсенділер мұнай өндіру жоспарларын қайта қарауды және Ақтөбе өңірінің экологиялық қауіпсіздігін бірінші орынға қоюды талап етуде.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button