Иран билігі АҚШ тарапынан шабуыл жасалған жағдайда Израиль мен Америка Құрама Штаттарының әскери нысандарына қарсы жауап соққыларын жасауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл ескерту ел ішінде жалғасып жатқан жаппай үкіметке қарсы наразылықтар мен Вашингтон тарапынан ықтимал араласу қаупі аясында жасалды.
Иран парламентінің спикері Мохаммад Бағер Ғалибаф:
«Айқын айтайық: егер Иранға шабуыл жасалса, оккупацияланған аумақтар (Израиль), сондай-ақ АҚШ-тың барлық базалары мен кемелері біздің заңды нысанамызға айналады», — деді.
Қаза тапқандар саны өсіп жатыр
Иранда наразылық акциялары 28 желтоқсаннан бері жалғасуда. HRANA құқық қорғау ұйымының дерегінше, қаза тапқандар саны 116 адамға жеткен. Олардың басым бөлігі — наразылыққа шыққан азаматтар. Сонымен қатар 37 қауіпсіздік қызметкері де қаза болған.
Наразылықтар азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлар бағасының күрт өсуінен басталып, кейін биліктегі діни элитаға қарсы саяси талаптарға ұласқан.
Иран билігі тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруда АҚШ пен Израильді айыптауда. Құқық қорғау органдары «бүлікшілерге» қарсы шаралардың күшейтілгенін мәлімдеді. Мемлекеттік телеарна Исфахан, Гачсаран және Ясудж қалаларында қаза тапқан қауіпсіздік күштері қызметкерлерінің жерлеу рәсімдерін көрсетті.
Ел бойынша интернет өшірілді
Netblocks дерегінше, Ирандағы интернет байланысы қалыпты деңгейдің шамамен 1%-ына ғана жетіп отыр. Елде интернеттің жаппай өшуі жағдайды одан әрі қиындатып отыр.



