Қарағанды қаласында полиция балалар мекемесінің тәрбиеленушілерінен ақша бопсалады деген күдікпен ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ақ жайық сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция мәліметінше, ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жедел қызметкерлері прокуратура органдарымен бірлесіп, әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтарға арналған мемлекеттік төлемдерді заңсыз иемдену схемасын анықтаған.
Тергеу барысында күдіктілер өңірдегі балалар мекемелерінің бірінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдерді қорқыту, алдау және күш қолдану арқылы арнайы есепшоттарындағы ақшаны шештіргені, сондай-ақ микронесие ұйымдарынан қарыз рәсімдеткені белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, соңғы алты ай ішінде келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілерден автоматты атыс қаруына арналған оқжатарлар мен 100-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша бопсалау фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық күдіктілер ұсталды. Олардың кінәсі дәлелденген жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.



