Абай облысында жоғалып кеткен 8 жастағы бала құдықтан аман-есен табылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Шақаман ауылында болған.
8 жасар баланың жоғалғаны туралы хабарлама полицияға түскен.
Баланы іздеуге тәртіп сақшыларымен қатар, жергілікті тұрғындар мен жергілікті атқарушы билік өкілдері де атсалысты.
Іздеу жұмыстарында шешуші рөлді бейнебақылау камералары атқарды.
«Учаскелік полиция инспекторы Алмас Бесенбеков пен ауылдық округтің әкімі Нұркен Жәрлікенов жазбаларды қарап, баланың мүмкін жүріп өткен бағытын және нақты орналасқан жерін анықтады. Қосымша іздестіру жұмыстары барысында бала құдықтан табылды», — делінген мәлімдемеде.
Алдын ала мәліметтер бойынша, бала ол жерге кездейсоқ құлап түскен.
Балаға медициналық көмектің қажеті болмады.
Баланың анасы іздеуге қатысқан барлық адамдарға және көмек көрсеткендерге алғысын білдірді.
«Бейнебақылау жүйелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл жағдайда камералар жедел әрекет етуге және баланың өмірін шын мәнінде құтқаруға көмектесті», — деп атап өтті Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров.



