Жаңалықтар

TikTok-та қазақтарды қорлаған Қостанай тұрғыны сотталды

Қостанай қаласының 44 жастағы тұрғыны Юлия Хон TikTok-тағы тікелей эфирде қазақтарды қорлағаны үшін екі жылға сотталды. Қостанайдағы №2 сот оны «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша кінәлі деп таныды, деп жазады qandastar.kz сайты Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.

Соттың дерегінше, Юлия Хон 2024 жылдың қарашасында TikTok желісіндегі Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы талқыланған тікелей эфирге қосылып, сол жерде қазақтарға қатысты қорлайтын сөздер айтқан.

Істі қараған сот айыпталушының кінәсі тікелей эфирдің бейнежазбасымен, куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденгенін мәлімдеді. Юлия Хон өз кінәсін ішінара мойындаған. Үкімге сәйкес, ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейді.

Айыпталушының адвокаты Валерий Ли Tobolinfo-ға берген түсініктемесінде тікелей эфир барысында Хонның өзі де қорланғанын, ал оның сөздері бүкіл ұлтқа емес, нақты бір адамға бағытталғанын айтты. Қорғаушы тарап үкімге шағым түсіретінін де мәлімдеді.

Соттың хабарлауынша, үкім шығарғанда Юлия Хонның көру қабілетінен айырылған ұлы бар екені ескеріліп, жаза жеңілдетілген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button