1 қаңтардан бастап Қазақстандағы барлық банктер банкоматтарда орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларын кемінде 180 күн, яғни алты ай бойы сақтауға міндеттеледі. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Vesti_almaty парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың айтуынша, аталған талап күмәнді қаржылық операцияларға қатысы бар тұлғаларды анықтауға және анонимді қолма-қол ақша айналымын азайтуға бағытталған.
Қайрат Бижановтың сөзінше, банкоматтар әлі күнге дейін заңсыз қаржы схемаларында қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырудың негізгі арналарының бірі болып отыр. ҚМА деректеріне сәйкес, өткен жылдың басынан бері күмәнді операциялар арқылы 13,3 триллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Негізгі мәселе – операциялардың анонимділігі. Азаматтар үшінші тұлғалардың карталарын пайдалану немесе жіберуші мен алушы толық сәйкестендірілмей-ақ қаражатты шешіп алу мүмкіндігіне ие.
Осы тәуекелдерді азайту және қаржылық операциялардың ашықтығын арттыру мақсатында бірқатар жаңа шаралар енгізіледі.
Жаңа талаптар мыналарды қамтиды:
- Бейнежазбаларды сақтау: банктер банкоматтардағы бейнежазбаларды кемінде алты ай сақтап, қажет болған жағдайда транзакцияға қатысушылардың әрекеттерін қалпына келтіре алады.
-
Биометриялық сәйкестендіру (әзірлену үстінде): болашақта қолма-қол ақша шешу кезінде бет-әлпетті немесе саусақ ізін тану технологиясын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Мамандардың пікірінше, бұл шаралар анонимді түрде қолма-қол ақша айналымын едәуір шектеп, заңсыз қаржылық схемаларға тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.



