Продюсер Әлия Құдайберген аңыз тұлға Асанәлі Әшімовтың шаңырағына барып, жақындарымен әңгімелескен видеолармен бөлісті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Асанәлі Әшімовтың қарындасы Амантай апа абыз тұлғаның кішкентай кезінде дүние салған қарындастары жайлы айтып берді.
«Бүгін Асанәлі ағаның шаңырағына арнайы барып, құран бағыштап қайттым. Өткенде барудың реті келмеген еді. Бағдат апаймен біраз әңгімелестік, ағаның соңғы шыққан кітабын берді.
Қара шаңырағында апайдың анасы, Асанәлі ағаның қарындасы Амантай апа бар екен. Келін, немерелері жүр, әдеттегідей. Әңгіме арасында Амантай апа Асанәлі ағаның өзінен кейін дүниеге келген қос қарындасы туралы айтты. Куәгер кісілер ғой, оның үстіне ағадан кейінгі сол әулеттің үлкені, айтқандарын видеоға жазып алуға рұқсат сұрадым.
Бірер сұраққа жауап алдым.Амантай апа: «…Шапағатшы болсын, соңғы кездері 4-5 жасында «қызылшадан» қатар кеткен қос қарындасы Нұрилә мен Бағатайдың аттарын атап, құранға қосып жүрді, аға…» деп жатыр. Асанәлі ағаның анасы үш құрсақ көтерген екен. Ағадан кейінгі туған екі қарындасы да бірінен кейін бірі кете барған… Асанәлі аға ол кезде 7-8 жасар бала болған.
Бақыты мен қасіреті қатар түскен тағдыры ауырлау болғанымен, өмірі мәнсіз болған жоқ қой, Асанәлі ағаның. Әдемі ғұмыр кешті. Тағдырының тілін тапты…», — деп жазды продюсер.
Ал Асанәлі Әшімовтың жұбайы Бағдат Әшімова актердің соңғы кітабы жайлы айтып берді.
«Дегенмен өкінішсіз өмір бола ма, Бағдат апай сөз арасында көзіне жиі-жиі жас алып: «түсім сияқты… Бас-аяғы 1 сағаттың ішінде қолымда жатып кете салды… Осы шаңыраққа келгелі ешқашан бөлек кетпеген екенбіз, үнемі бірге жүріппіз… Ұлы да (ұлы Асанәліні айтып отыр) бір-ақ күнде есейіп кетті… Тәубе дейтінім, ел-жұрты Аскеңді алақанына салып шығарып салды, күні бүгінге дейін үйден адам арылмайды, ол да көңілге медеу…» деп жатыр.
Өзі кетерінен сәл алдын ғана шыққан мына кітабын қолтаңбасымен алсам деп жүретінмін… Қазір оқып бастаймын. Тағы бір кітабы дайын тұр екен. Ол туралы: «бұл кітап мен кеткен соң шығады…» дейтін…», — деп жазды ол.



