ЖаңалықтарСараптамаЭкономика және бизнес

Сарапшы 2026 жылға инфляцияның ықтимал сценарийлерін талдады

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина инфляцияның ықтимал сценарийлерін талдап, әрбір азамат жеке тәуекелдерді азайту үшін не істей алатынын түсіндірді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Іnstagram желісіндегі Qazaqtoday парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

«Баға динамикасы тәуекелдер мен мемлекеттің қатаң шектеу шаралары арасындағы тепе-теңдікке байланысты болады. Қазақстанның әлемдік азық-түлік, энергия тасымалдаушылар және логистика бағасына қатты тәуелді екенін түсіну керек. Кез келген сыртқы соққы ел ішіндегі бағаға лезде әсер етеді, бұл жағдайда шектеулер көмектеспейді», – дейді сарапшы.

Сарапшы инфляцияны өршітетін бірнеше негізгі факторды атап өтті. Біріншіден, экспорттық түсімнің азаюы. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында экспорт 4,6%-ға қысқарса, импорт керісінше 4,7%-ға өскен. Екіншіден, теңгеге түскен қысым. 2025 жылы доллар бағамы 550 теңгеге дейін жетті. Үшіншіден, капиталдың сыртқа кетуі. 2025 жылдың екінші тоқсанында елден 1,7 млрд доллар шығарылған. Бұл факторлардың бәрі валюта нарығына ауыртпалық салып отыр.

Дегенмен, баға өсімін тежейтін де факторлар бар. Олардың қатарында Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясаты (жоғары базалық мөлшерлеме – 18%), әлемдік инфляцияның бәсеңдеуі және логистикалық тізбектердің тұрақтануы бар. Көлік инфрақұрылымының жақсаруы мен халықаралық тасымалдардың реттелуі бизнес шығындарын азайтып, бағаға оң әсер етеді.

Сарапшының болжамынша, 2026 жылы бағаның өсу сценарийі әлі де өзекті. Бұған теңгенің әлсіреуі, жаңа Салық кодексіне көшу, сондай-ақ халық пен бизнестің инфляциялық күтулері әсер етеді. Мәселен, 2025 жылдың өзінде азық-түлік 13,5%-ға, ақылы қызметтер 12%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,1%-ға қымбаттаған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button