Жаңалықтар

Атырау облысында тағы бір адам жоғалып кетті

Атырау облысы Мақат ауданының тұрғыны Талғат Назаров 9 қаңтар күні жоғалып кеткен. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Аlashkznews парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол қалаға ем алу үшін келген. Бұрыннан эпилепсия дертімен ауырады. 9 қаңтар күні шамамен сағат 13:30-да Көкарна ауылындағы қызының үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.

Туыстары сол маңдағы бейнебақылау камералары арқылы оның Жайық өзенінің жағасымен жаяу кетіп бара жатқанын анықтаған. Келесі күні жағалау бойынан бас киімі мен ұялы телефоны табылған.

– Атырау қаласының аумағында 59 жастағы ер адамның із-түссіз жоғалу дерегіне қатысты жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Криминалдық полиция бөліністерінің мәліметіне сәйкес, ер адамның іздері Жайық өзенінің маңынан анықталып, жеке заттары табылғандықтан, ТЖД күш-құралдары жұмылдырылды, – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердаулет.

Полиция таратқан мәліметке сәйкес, ер адамның бойы 170-175 сантиметр шамасында, дене бітімі орташа. Үстінде қара түсті күрте мен шалбар болған.

Жоғалған азаматтың туыстары іздеу жұмыстарына кинолог мамандарды тартып, өзен маңында тұратын азаматтардан үйлеріндегі бейнебақылау камераларында қандай да бір мәлімет болса, бөлісуді сұрайды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button