Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясы Ирандағы тұрғындар үшін Starlink спутниктік интернетіне қолжетімділікті ашты. Бұл шешім елде жаппай наразылықтар мен интернеттің бұғатталуы аясында қабылданды, деп жазады qandastar.kz.
Bloomberg мәліметінше, Starlink желісі Иран аумағында тегін жұмыс істей бастаған. Ақпарат журналистердің дереккөздерінен алынғанымен, SpaceX бұл хабарды әзірге ресми түрде растаған жоқ.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп SpaceX компаниясын Иран азаматтарына интернетке қайта қол жеткізуге көмектесуге шақырған болатын. Оның айтуынша, Starlink Иранда ресми түрде тыйым салынғанына қарамастан, кейбір тұрғындар бұл қызметті пайдаланып үлгерген.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 28 желтоқсанынан бастап Иранда өмір сүру құнының қымбаттауына байланысты жаппай наразылықтар басталды. Бұл шерулер соңғы жылдардағы ең ірі әлеуметтік толқулардың бірі ретінде бағалануда.



