Жаңалықтар

Ирандағы наразылықтар кезінде шамамен екі мың адам қаза тапты – БАҚ

Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Иранда жалғасып жатқан жаппай наразылықтар барысында қаза тапқандар саны шамамен екі мыңға жетуі мүмкін, деп жазады qandastar.kz.

Reuters агенттігінің мәліметінше, сейсенбі күні ирандық шенеунік елдегі тәртіпсіздіктер салдарынан шамамен 2 мың адамның көз жұмғанын растаған. Оның айтуынша, қаза тапқандардың арасында бейбіт тұрғындар да, қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері де бар.

АҚШ-та орналасқан ирандық Human Rights Activists News Agency (HRANA) құқық қорғау ұйымы да осыған ұқсас дерек келтіреді. Ұйымның мәлімдеуінше, 28 желтоқсаннан бері 1847 наразылыққа қатысушы және 135 қауіпсіздік қызметкері қаза тапқан.

Иран билігі шетелдік журналистердің елде жұмыс істеуіне қатаң шектеулер енгізген. Көптеген БАҚ өкілдеріне елге кіруге тыйым салынған немесе олардың қызметі айтарлықтай шектелген.

Сонымен қатар, билік ел аумағында интернетті толықтай өшірді.

BBC дерегінше, құрбандар саны мыңдап есептелуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, Иран билігі бұрын да наразылықтарды күшпен басып-жаншыған, алайда бұл жолы қолданылған қатігездік «бұрын-соңды болмаған деңгейге» жеткен.

Осы арада АҚШ президенті Дональд Трамп ирандықтарды наразылықты жалғастыруға шақырып, «көмек жолда келе жатқанын» мәлімдеді. Ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында ирандықтарға билікке қарсы күресті тоқтатпауға үндеп, қудалауға қатысқандар жауапқа тартылатынын айтты.

«Иранның патриоттары, наразылықты жалғастырыңыздар, билік институттарын өз қолдарыңызға алыңыздар. Кісі өлтірушілер мен зорлық жасағандардың есімдерін тіркеңіздер. Олар бұл үшін ауыр жауап береді. Мен наразылық білдірушілерді өлтіру тоқтатылмайынша, ирандық ресми тұлғалармен барлық кездесулерді тоқтаттым. Көмек жолда», – деп жазды Трамп.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button