Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» аппаратының экс-басшысы алаяқтардың құрбаны болды

Танымал  журналист Михаил Козачков Facebook парақшасында кезекті ірі алаяқтық дерегін жариялады. Оның айтуынша, телефон алаяқтары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы аппаратының бұрынғы басшысы Александр Черепановты алдап, одан 622 мың АҚШ доллары мен шамамен 90 миллион теңгені иемденген. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады. 

Журналистің мәліметінше, Жаңа жыл қарсаңында екі Өзбекстан азаматына қатысты сот үкімі шыққан. 19 жастағы Тимур Кұралбаев пен 24 жастағы Музафар Каршибаев Қазақстанға арнайы келіп, алаяқтық схемада «курьер» рөлін атқарған. Олардың міндеті – жәбірленушілерден алынған ақшаны сөмкелермен  әрі қарай жеткізу немесе банк арқылы басқа адамдарға аудару болған.

Кұралбаев пен Каршибаев бірнеше ел арасында қатынап жүрген кезде қазақстандық полицейлердің күдігіне ілігіп, ұсталған. Тергеу барысында олардың алаяқтық қылмыстарға қатысы бары анықталып, жәбірленушілердің бірі Александр Черепанов екені белгілі болған.

Биыл 70 жасқа толатын Александр Черепанов – «ҚазМұнайГаздың» беделді ардагері, ұлттық мұнай компаниясында ұзақ жылдар бойы аппарат басшысы қызметін атқарған. Алаяқтар оның жасын пайдаланып, классикалық схема қолданған. Алдымен оған өзі жақсы танитын «әріптесінің» атынан хабарлама жазылып, ҚМГ деректерінің таралуы мен терроризмге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқаны айтылған. Кейін өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған адамдар байланысқа шығып, жинақтарын «қорғап қалуға көмектесеміз» деп сендірген.

Қатты қорыққан Черепанов бірнеше күн ішінде түрлі банктердегі барлық жинағын шешіп алып, тіпті пәтерін сатып, ақшаны дәл осы «курьерлерге «берген. Бұл қаражаттың бір бөлігі дәл осы Өзбекстан азаматтарының қолынан өткені анықталған. Сонымен қатар олар тағы бір жәбірленуші – егде жастағы әйелді алдауға қатысқаны белгілі болды.

Сот үкімімен Тимур Құралбаев пен Музафар Каршибаев алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал жәбірленушілердің ақшасы әлі қайтарылмаған.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button