Астанада екі жекеменшік медициналық клиниканың басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (ӘМСҚ) 682 млн теңге жымқырды деген күдікпен тергеліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады, деп жазады Qandastar.kz порталы.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2022 жылы аталған клиникалар ӘМСҚ-мен 2,4 млрд теңгеге медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарттар жасаған. Оның ішінде «Мобильді медициналық пойыз» жобасы да болған. Жоба іске қосылғаннан кейін ақпараттық жүйеге жаппай жалған пациенттер енгізіле бастаған.
Күн сайын 90-нан 150 адамға дейін ойдан шығарылған диагноздар мен көрсетілмеген медициналық қызметтер тіркеліп отырған. Осылайша клиникалар іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін 682 млн теңге алғаны анықталған.
Сонымен қатар 2024 жылдың қаңтар айында осы соманың бір бөлігі — 364 млн теңге клиника басшысы мен оның жұбайының жеке есепшоттарына аударылғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған. Сот оның мүлкіне тыйым салды. Атап айтқанда, Астанадағы пәтер, автокөлік және Испаниядағы үй тәркілеу тізіміне енгізілген.



