Қазақстандық заңгер Инга Иманбай жұмбақ жағдайда көз жұмған жасөспірімдер Адель Ақанова, Сана Мерлан мен Ақнәр Хамит аналарын полиция ұстап әкеткенін жазды. Әділет пен шындық іздеген ата-ана президент Аппаратының кеңсесі ғимаратының маңына жаиналған. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Stan.kz агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция марқұмдардың аналарын рұқсатсыз жиналғаны үшін ұстап әкеткен.
“Әйелдер балаларының қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша объективті әрі тәуелсіз тергеу жүргізуді талап етіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұжымдық өтініш тапсырмақ болған. Алайда олар ғимаратқа кіріп үлгермеген, өтініш қабылданбады. Аналарды белгісіз бағытқа алып кеткен. Назар аударамыз: бұл жағдай наразылық акциясы емес. Бұл – Конституцияда көзделген Президентке жүгіну құқығын жүзеге асыруға жасалған әрекет”, – деп жазды заңгер өзінің желідегі парақшасында.
Stan.kz редакциясы елорданың полиция департаментіне сұрау жолдады. Полицияның мәліметінше, аналар Есіл ауданының полиция басқармасына жеткізілген.
“Рұқсат етілмеген жиын өткізгені үшін үш әйел полицияға жеткізілді. Аталған азаматтармен бейбіт жиындарды өткізу тәртібіне байланысты қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ полиция басқармасына өзін журналист ретінде таныстырған, алайда мұны растайтын құжаттары болмаған ер адам жеткізілді”, – деп мәлімдеді полиция.
Ер адамның жеке басы анықталғаннан кейін ол босатылған. Ұсталған ер адамның Ulysmedia портылының журналисі екені белгілі болды. Басылымның мәліметінше, журналисті полиция бөлімшесінде екі сағаттан астам ұстаған. Оның телефонын тартып алғандықтан байланысқа шыға алмаған. Телефонды қайтарудан бас тартқан. Сондай-ақ полиция қызметкерлері түсірілім жасауға тыйым салып, түсініктеме жазуға мәжбүрлеген. Журналистің телефонындағы суреттер мен видеолар өшірілгеннен кейін оны босатып жіберген.



