Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапқаннан кейін Жазира Қуанышбай есімді қызылордалық бойжеткен әлеуметтік желіде өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы айтылған жазба жариялады, деп жазады qandastar.kz сайты Alash.kz-ке сілтеме жасап.
Жазираның айтуынша, жарты жыл бойы оны ер адам үйінің, жұмысының алдында күтіп, мазалайтын көрінеді. Бойжеткен еш алаңсыз үйіме қайтып, қорықпай емін-еркін жүргім келеді дейді.
Қауіпсіздік шаралары үшін Е-өтініш бойынша 2 рет арыз жазған. Ал, полиция қызметкерлері ешқандай қылмыстық іс орын алмағандықтан, бұл іске салғырт қарап отырған көрінеді.

Жазираның айтуынша, бұл істен туған туыс, достары мен әріптестерінің, жергілікті полицияның да хабары бар екен.
Бұған байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті түсінік берді.
Сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының бақылауында, – делінген ведомство жауабында.
Сталкинг – заңнамаға сәйкес адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге алып келген әрекеттерден көрінетін заңсыз қудалау. Полиция осындай деректер анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.



