Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операциясына байланысты америкалық спортшылардың халықаралық жарыстарға, соның ішінде 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысуына тыйым салынуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп жазады qandastar.kz сайты 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Журналистер тарапынан ХОК өкілдеріне: «Венесуэладағы жағдайдан кейін америкалық спортшыларды шеттету мәселесі қарастырыла ма?» деген сауал қойылды.
Комитет өз жауабында Олимпиадалық қозғалыстың басты ұстанымына тоқталған:
Қақтығыстар мен алауыздықтарға толы қазіргі әлемде ХОК спорт үміт шамшырағы болып қалуы тиіс деп санайды. Спорт – бүкіл адамзатты бейбіт бәсекеде біріктіретін күш. Бұл Олимпиадалық қозғалыстың өзегінде жатқан қағида және олимпизмнің іргелі принциптерінен туындайды. Бұл ұстаным ХОК Атқарушы кеңесінің 2025 жылғы қыркүйектегі отырысында да қайта бекітілді, – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, ХОК қазіргі геосаяси ахуалды ескеруге мәжбүр екенін атап өтті, алайда саясат пен спортты араластырмау қағидасын берік ұстанатынын жеткізді.
Әр Олимпиада ойындары қарсаңында біз әлемдегі саяси жағдайды және соңғы оқиғаларды ескереміз. Бірақ ХОК саяси қақтығыстарға тікелей араласа алмайды – бұл біздің құзыретімізге кірмейді. Ол – саясат саласы. Ал біздің басты міндетіміз – спортшыларға шыққан тегіне қарамастан Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін беру, – деп мәлімдеді комитет.
ХОК өкілдерінің айтуынша, спортшыларды біріктіру, олардың азаматтығы мен елінің саяси ұстанымына қарамастан жарысқа жол ашу – құндылықтарға негізделген жаһандық спорттың болашағы үшін шешуші фактор.
Айта кетсек, 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.



