Журналист Кәмшат Тасболат Алматыдағы крематорий салу жобасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жобаның негізгі уәжі — жер сілкінісі кезінде көп адам қаза болса, мәйіттерді өртеп жіберу қажеттігі. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлады.
«Қазақстанда көбінесе мұсылман және христиан дінін ұстанатын халық тұрады. Адамды өртеп жіберу көптеген діндерде қабылданбайды. Сонымен қатар экологиялық аспекті де маңызды: крематорий жұмыс істегенде көп газ және электр энергиясы жұмсалып, көмірқышқыл газы бөлінеді. Бұл әсіресе Алматы сияқты ауа сапасы мәселесі бар қала үшін қосымша қауіп тудырады», — деді журналист facebook парақшасында.
Кәмшат Тасболат сондай-ақ крематорийдің орналасуы мен санитарлық талаптарға сәйкестігіне күмән келтірді. Оның пікірінше, жобаны қолдайтын кейбір блогерлер мен лоббистер тек өз мүдделерін қорғап отыр, ал халықтың нақты сұранысы жоқ. Алматыдағы жерлеу бюролары соңғы 20 жылда крематорий қызметіне тек бір-ақ рет сұраныс түскенін, ол шетелдік туристтің өлімімен байланысты болғанын атап өтті.
Журналисттің айтуынша, мәселені шешудің бір жолы — қаладағы молаларды реттеу. Қазіргі кезде кейбір молалардың басына үлкен ескерткіштер қойылады, бұл жерді тиімсіз пайдалануға алып келеді. Түркиядағы сияқты жинақы және қарапайым ескерткіштерді қолдану арқылы жер үнемделуі мүмкін.



