Respublica фракциясынан Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков бәсекелестік туралы заңға енгізіліп жатқан кейбір нормалардың бизнеске қосымша әкімшілік кедергілер тудыруы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz порталы.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта бизнес қауымдастықтарымен кездесулер барысында бақылаудың күшеюі кәсіпкерлер үшін жұмысты қиындатып отырғаны жиі көтерілуде. Оның пікірінше, монополияның алдын алу маңызды болғанымен, бәсекеге нақты қауіп жоқ жағдайларда артық реттеу енгізу экономикаға кері әсер етуі мүмкін.
«Ұсынылып отырған нормалардың бірі — компаниялар тобы ішіндегі мәмілелерді де толық бақылауға алу. Егер меншік иесі өзгермесе, мұндай мәмілелер нарықтағы бәсекеге зиян келтірмейді. Алайда оларды күрделі рәсімдерден өткізу бизнеске қосымша салмақ түсіреді», — деді Олжас Құспеков.
Сондай-ақ депутат кейбір жағдайларда мәмілені автоматты түрде жарамсыз деп тануға мүмкіндік беретін тетіктер құқықтық белгісіздікке әкелетінін атап өтті. Бұл адал кәсіпкерлер үшін тәуекелді арттырып, инвестициялық ахуалға кері әсер етуі мүмкін.
Олжас Құспеков ұсынылып отырған түзетулер бақылауды әлсіретуге емес, ақылға қонымды теңгерім қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, мәмілені жарамсыз деп тану тек сот арқылы, жан-жақты экономикалық талдау негізінде жүзеге асуы тиіс.
«Егер мәміле бәсекеге әсер етпесе, оны негізсіз күрделендірудің қажеті жоқ. Бизнес — бұл тек пайда емес, бұл жұмыс орындары, салық түсімдері және өңірлердің дамуы», — деді депутат.
Оның айтуынша, Respublica фракциясы бизнес өкілдері мен сарапшылармен пікір алмасуды жалғастырып, қабылданатын шешімдер ел экономикасының дамуына және азаматтардың мүддесіне сай болуын көздейді.



