Жаркентте баласын аяусыз ұрып-соққан әйел қамауға алынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Жетісу облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Желіде жантүршігерлік оқиғаның видеосы тарады.
Кадрдан әйелдің баланы аяусыз ұрып, тепкілегенін көруге болады.
Полиция мәліметінше, тексеру барысында 28 жастағы әйелдің кәмелетке толмаған баласына дене жарақатын салғаны анықталды.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — делінген мәлімдемеде.
Екі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мән-жайды анықтағанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды.
Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданатын болады.
Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.
Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.



