Жаңалықтар

«Олар мені өлтіреміз деп қорқытты»: Ауру баласының еміне ақша жинаймын деп сотты болған әйел мәлімдеме жасады

Астанада науқас баласының еміне деп халықтан жиналған қыруар қаржыны жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталған Толқын Тотақанова үн қатты, деп жазады qandastar.kz сайты Democrat.kz-ке сілтеме жасап.

Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында видео жариялап, көпшілік алдына хиджабсыз шыққан ол өзін алаяқ емес, қылмыстық топтың құрбанымын деп мәлімдеді. Толқын Тотақанова ең алдымен ұлының шынымен ауыр дертке шалдыққанын алға тартты. Оның сөзінше, жиналған қаражат мақсатсыз жұмсалмаған.

Біздің шынымен ауыр науқас баламыз бар. Адамдар баламның жағдайын, біздің қасіретімізді көріп, шын ниетімен көмектесті. Біз оны Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейде емдеттік. Емдеуге қазір айтылып жүргендей 6 миллион емес, шамамен 160 миллион теңге жұмсалды, – деді ол.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Толкын Тотаканова (@tolkyn.totakanova)


Сотталған келіншек халықтан жиналған ақшаның негізгі бөлігін бопсалаушылар иемденгенін айтты. Ол нақты есімдерді атап көрсетті: Жадыра Зарлыханова, Сұлтанова Алмат және Болатбек Сұлтанов.
Толқын Тотақанованың айтуынша, ол бес жыл бойы қорқыныш пен үрей құшағында өмір сүрген.

Бұл адамдар баламның еміне жиналған барлық ақшаны – 700 миллион теңгеден астам қаражатты тартып алды. Олар мені өлтіреміз деп қорқытты. Мен баламды емдеу үшін қарызға ақша алуға мәжбүр болдым. Бұл жай сөз емес, аудиторлық тексеріспен және іс материалдарымен дәлелденген, – деді келіншек.

Бейнежазбада Тотақанова психологиялық қысымның салдарынан денсаулығынан айырылғанын жеткізді. Оның сөзінше, ауыр экзема басталып, шашы түскендіктен, басын күнде қыруға тура келген.

Мен басымдағы жараларды жасыру үшін хиджаб киюге мәжбүр болдым. Бүгін мен сіздердің алдарыңызға шынайы бейнеммен, қорықпай шығып отырмын. Менің күйеуім әділетсіз сотталды. Біздің қайғымыздан пайда тапқандар неге бостандықта жүр? Олардың артында кім тұр?, – деп сұрақ қойды ол.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Толкын Тотаканова (@tolkyn.totakanova)


Еске салайық, 2026 жылдың 9 қаңтарында Астана соты ерлі-зайыпты Дәулет және Толқын Тотақановтарға қатысты үкім шығарған еді. Олар алаяқтық жасады деген айыппен кінәлі деп танылып, екеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дәулет Тотақанов жазасын өтеуге қамалса, Толқын Тотақанованың кішкентай баласының бар болуына байланысты үкімнің орындалуы екі жылға кейінге шегерілген болатын.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button