Мәжіліс депутаты әрі Ұлттық құрылтай мүшесі Самат Нұртаза кезекті құрылтай отырысының Қызылорда қаласында өтуін ерекше мәні бар оқиға деп санайды. Оның айтуынша, терең тарихы бар өңір бүгінде жаңаша сипат алып, заманауи дамудың үлгісіне айналып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Депутаттың пікірінше, Ұлттық құрылтай бүгінде формалды жиын деңгейінен шығып, қоғамды толғандырған өзекті мәселелер ашық талқыланатын, салмақты диалог алаңына айналып келеді. Алдағы басқосуда да азаматтық қоғам өкілдері мен құрылтай мүшелері елдегі түйткілді мәселелерді еркін көтеріп, ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік алады.
Самат Нұртазаның айтуынша, алдағы жиында саяси және парламенттік жаңғыру мәселелері негізгі назарда болуы ықтимал. Оның пайымдауынша, заман талабына сай мемлекетті басқарудың жаңа қағидаттары осы алаңда жан-жақты таныстырылуы мүмкін.
Сондай-ақ депутат Президенттің сөзінде саяси реформалармен қатар әлеуметтік мәселелерге де ерекше көңіл бөлінуі ықтимал екенін атап өтті. Құрылтай құрамына түрлі саладағы білікті мамандар енгендіктен, білім беру жүйесіндегі проблемалар, әскер саласындағы ахуал, су тапшылығы сынды қоғамды алаңдатқан мәселелердің көтерілуі орынды.
Айта кетейік, бүгін Қызылордада Ұлттық құрылтай өтеді.



