Елімізде енді банк пен микроқаржы ұйымдарынан онлайн кредит алу үшін биометриялық тексеруден өту міндетті, деп жазады qandastar.kz сайты Jibek joly телеарнасына сілтеме жасап.
Жүйе адамның «тірі» екенін анықтау үшін «басыңды бұр», «көзіңді жыпылықтат» деген сияқты бірнеше тапсырма береді. Егер тексеріс үш реттен өтпесе, кредит берілмейді. Тексеру кезінде алынған бейне мемлекеттік дерекқордағы немесе арнайы базаға енгізілген суретпен салыстырылады.
Осылайша, бөтен адамның фотосын немесе видеосын пайдалану мүмкіндігі шектелмек. Биометриялық тексерістің нәтижесі электронды түрде тіркеліп, банк немесе микроқаржы ұйымында сақталады.
Барлық мәлімет қауіпсіз жүйе арқылы өңделеді. Жаңа ережелер 10 күннің ішінде күшіне енеді.
Айта кетсек, біз бұған дейін мерзімді әскери қызметтегі азаматтардың енді кредит ала алмайтыны туралы жазған болатынбыз.



