Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының директоры Қарлығаш Жаманқұлова бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстарын жеткізді, деп жазады qandastar.kz сайты kznews.kz-ке сілтеме жасап.
Қордың директоры қазіргі ақпараттық кеңістікте сырттан келетін мәлімет көлемі артып отырғанын атап өтіп, қоғамдағы оқиғаларды түсіндіруде ұлттық көзқарастың маңызын жеткізді.
Қоғамдағы оқиғалардың нарративін өзіміз айқындай алуымыз қажет, – деген ол медиасауаттылықты күшейтудің өзектілігіне тоқталды.
Оның айтуынша, медиасауаттылық қоғамды жалған ақпарат пен сыртқы ақпараттық манипуляциялардан қорғаудың тиімді құралы болып саналады. Сонымен қатар, Қарлығаш Жаманқұлова отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен кәсіби журналистиканы қолдаудың маңызын атап өтті.
Шынайы әрі сапалы ақпаратқа деген сұраныс азайған жоқ, – деді ол, отандық БАҚ-тың түрлі қиындықтарға қарамастан өз жұмысын жалғастырып келе жатқанын тілге тиек етті.
Қор басшысы саяси жүйені жаңарту аясында партиялық тізімдердегі әйелдер квотасын сақтау жөнінде де ұсыныс білдірді. Оның пікірінше, әйелдердің заң шығарушы биліктегі үлесінің артуы қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартады. Осыған байланысты ол әйелдер квотасын 30 пайыз деңгейінде норма ретінде қалдыруды сұрады.
Оның айтуынша, өңірлік басылымдарды дамыту арқылы ел ішінде өзіміздің ақпараттық нарративтерімізді қалыптастыруға мүмкіндік туады. Бұл сыртқы ықпал күшейіп отырған кезеңде аса маңызды.
Өңірлік басылымдарды дамыта отырып, біз өзіміздің ақпараттық нарративтерімізді қалыптастыра аламыз. Сыртқы ықпал күн сайын артып келеді. Сондықтан болып жатқан оқиғалардың мазмұнын өзіміз айқындап, оны түсіндірудің логикасын да өзіміз құруымыз керек. Ол үшін медиасауаттылықты жүйелі түрде күшейту қажет. Медиасауаттылық қоғамды сыртқы манипуляциялардан қорғайды. Медиасауатты азаматтар жалған ақпаратты ажырата алады. Бірқатар қиындықтарға қарамастан, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өз жұмысын жалғастырып келеді, – деді Қарлығаш Жаманқұлова.
Ол ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде медиасауаттылықтың рөлі ерекше екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейту қоғам үшін маңызды екенін жеткізді.
Сондай-ақ, журналистердің кәсіби қызметін қорғау мәселесі көтерілді. Қарлығаш Жаманқұлованың айтуынша, қолданыстағы заңнама журналистердің құқығын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Осыған орай, «құқық бұзудың бір бөлігін әкімшілік жауапкершілік санатына көшіру» ұсынылып, бұл өзгеріс журналистердің тиімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретіні айтылды.



