Спорт

Бельгиялық жанкүйерлерлер Астанада «Борат» кейпінде шыққан (ВИДЕО)

20 қаңтар күні Астана Арена стадионында өткен футбол матчы кезінде үш ер адам Бораттың костюмін киіп шыққан. Кейін олардың бельгиялық «Брюгге» командасының жанкүйерлері екені анықталды, деп жазады qandastar.kz.

Оқиға куәгерлері түсірген бейнежазба әлеуметтік желілерде жылдам тарап, қызу талқыға түсті. Құзырлы органдар ер адамдардың әрекетін айналасындағыларға құрметсіздік таныту және қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағалады.

Аталған жанкүйерлер ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоғамдық орында мас күйінде болу және ұсақ бұзақылық жасау дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған.

Қазіргі таңда шетелдік азаматтар уақытша ұстау изоляторында отыр.

Айта кетейік, «Борат» — Қазақстаннан шыққан ойдан шығарылған журналист Борат Сағдиевтің АҚШ-қа сапары туралы баяндайтын сатиралық комедиялық фильм. Туындыда түрлі стереотиптер мен көзқарастар әжуаланады. 2006 жылы алғашқы бөлімі жарық көргеннен кейін фильм Қазақстан қоғамында әртүрлі пікір тудырып, көпшілік оны елдің абыройына нұқсан келтіретін туынды ретінде қабылдаған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button