Допинг дауына іліккен қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлынның менеджері Берік Сұлтан ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол боксшының В сынамасынан да тыйым салынған зат табылғанын айтты.
Алайда Жәнібектің ақ екенін айтып, оның ешқандай тыйым салынған затты қолданбағанын алға тартты.
«Жәнібек ақ! Тыйым салынған ешқандай зат қолданбайды! Бокстағы допинг дауы бойынша мамандар айналысып жатыр. Промоутер, менеджер мен заңгерлер жұмысын жасауда! Жәнібек те, мен де ештеңе жасай алмаймыз, біздікі тек күту! Барынша аз уақытқа шеттетілу бойынша жұмыс жасалып жатыр! Қайғырып отыра бергеннен ештеңе шешілмейді! Бұдан да өтеміз!», — деп жазды ол.
Берік Сұлтанның айтуынша, мамандар бұл заттың ағзаға қалай түскенін анықтап жатыр.
«В сынамасынан да сол зат шыққан екен. Өкінішті, әрине! Бірақ басқаша болу мүмкіндігі төмен еді. Ендігі қадам не болады соны күтудеміз. Біздің мамандар айналысуда. Қайдан ағзаға кіруі мүмкін деген сұрақтар көтерілуде! Өйткені Жәнібек ондай тыйым салынған зат қоданбаған! Күтейік ақырын!», — деп жанкүйерлерді сабырға шақырды.
Естеріңізге сала кетсек, допинг сынамасының түпкілікті нәтижесі мен ресми шешім 23 қаңтар жариялануы керек.
Алайда күні кеше В сынамасынан да тыйым салынған зат табылғаны анықталған еді.



