Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Семейлік әйел өзін Антикор басшысы ретінде таныстырып, күйеуінің туыстарын тақырға отырғызған

Семей қаласында резонанс тудырған алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты. Өзін 35 жасында полковник шенін алған, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы ретінде таныстырған Мөлдір Ахметова шын мәнінде бұл қызметті атқармағаны анықталды. Бұл туралы Qandastar.kz порталы Instagram желісіндегі  Аqparat.kz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тергеу барысында белгілі болғандай, Мөлдір Абайханқызы жалған құжат жасап, лауазымды тұлға ретінде өзін көрсетіп, айналасындағылардың сеніміне кірген. 2024 жылы ол өзінен бірнеше жас кіші әскери қызметкер Ринатпен танысып, көп ұзамай онымен заңды некеге тұрған. Тойға екі жақтың ата-анасы қатысып, кең көлемде атап өтілген.

Жаңа отбасының сеніміне кірген келін өзінің «қызметтік байланыстарының» көмегімен Семей қаласындағы элиталы тұрғын үй кешендерінен нарықтық бағадан бірнеше есе арзан пәтерлер алып беруге уәде еткен. Атап айтқанда, Посмаков көшесіндегі 94-үйден екі пәтерді 4,5 және 5 миллион теңгеге, Ильяшев көшесіндегі 42А мекенжайынан 23,7 миллион теңгеге, ал Жамакаев көшесіндегі 167-үйден 16 миллион теңгеге баспана рәсімдеп бергендей болған.

Алайда тоғыз ай өткен соң алаяқтық әшкереленді. Құрылыс компаниясына барған күйеуінің анасына пәтерлердің мүлде басқа адамға тиесілі екені айтылған. Тексеру нәтижесінде «сатып алу-сату шарттарының» жалған екені, ал пәтерлердің барлығы тәуліктік немесе айлық жалға алынғаны белгілі болды. Мөлдір Ахметова бұл тұрғын үйлерді риелторлар арқылы жалдап, өзін және құрбысын Антикор қызметкерлері ретінде таныстырған.

Сонымен қатар сот барысында Мөлдір Ахметованың басқа «отбасы мен балалары» бар екені де анықталған. Бұл жағдай оның ата-анасына да белгілі болғанымен, Ринатпен өткен тойды өткізуге кедергі болмағаны айтылды.

Іс Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып, сот Мөлдір Абайханқызын 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім заңды күшіне енді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button