Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Ауруханаға өз аяғымен барды»: Қызылорда тұрғыны бір жарым жылдан бері комада жатыр

49 жастағы Қызылорда тұрғыны Ержан Әзенов өкпесіне салқын тиіп, ауруханаға өз аяғымен барған. Алайда ер адам бір жарым жылдан бері комада жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Дәрігерлер науқастың оянатынын-оябайтынын білмей отыр.

Өз кезегінде Ержан Әзеновтың туыстары науқасқа ақ халаттылар әу баста шұғыл көмек көрсетпеген дейді. Дәрігерлердің әрекетін полиция тексеріп жатыр.

Науқастың жұбайы Қарлығаш Сақтапбергенованың айтуынша, 2024 жылдың жазында күйеуі пневмонияға шалдығып, ауруханаға барған. Алайда ыстық бөлмеде ауа жетпей қиналған азамат бір күннен кейін «үйден ем қабылдаймын» деп дәрігерден өзі сұранып шығып кетіпті. Осылайша таксиге мінген бойда Ержан Әзеновтың бірнеше сәтке жүрегі соқпай, миы жұмысын тоқтатқан. Содан бері ес-түссіз күйде жатыр дейді жұбайы. Ол күйеуінің денсаулығын бірден тексеріп, тиісті ем жүргізбеген медицина мамандарын кінәлайды.

«Ішкі құрылыстары бәрі істеп тұр. Жүрегі 10-11 минут тоқтап тұрғанда миы да жұмысын тоқтатқан. Емделемін деп өз аяғымен келген адам мынадай жағдайға ұшырады. Бүгін 1 жыл 7 ай болды жатқанына. Мына жаққа келгенде неге емі дұрыс жасалмады сол күні. Неге жасамады, ол адамды аман алып қалуға болатын еді ғой», – дейді әйел.

Ауруханадағы дәрігерлер науқасқа тиісті көмек көрсетілді деп ақталады.

«Негізгі науқастың шағымдарына байланысты сол кездегі тексеру нәтижесімен оған пневмония диагнозы қойылып, терапия бөліміне жатқызылып, пульмонолог дәрігер тексерді. Стандартқа байланысты ем-шаралар тағайындалған. Ол жерде емде ауытқушылық болды деген нәрсеге негіз жоқ. Бір жарым жылдан бері бақылап отырмыз. Өзгеріс байқалып тұрған жоқ», — дейді Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлсім Бержаппарова.

Аурухана басшылығы ауырып келген адамды үйіне жіберген дәрігерге сөгіс беріпті.

Ал полицейлер «міндетін тиісінше орындамау» бабымен тергеу жүргізіп жатыр.

Әйелі мен екі қызы оның есін жиып, үйге қайта оралғанын асыға күтіп жүр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button